Білім

Балдырған

Аңдар

Арық аю ұйықтай алмайды

Әдетте аюлардың сыртқы тұрпаттары ұқсас болып көрінгенімен, жыртқыштар отрядына жататын бұл аңдар тіпті де бірдей емес.

Айталық, аюлар 8 түрге бөлінеді: ақ аю, ақтөсті аю, қоңыр аю, барибал, ерінді аю, малай аюы, көзілдірікті аю және үлкен панда.

Мысалы, тұрқы 3 метрдей, салмағы 400-700 килограмм шамасында болатын ақ аю Солтүстік Мұзды мұхит жағалауында тіршілік етеді. Олар суда өте жақсы жүзеді, сүңгиді, табаны жүнді болғандықтан мұз үстінде де таймайды. Итбалықпен, әсіресе, каспий итбалығымен (нерпа) қоректенеді. Бұл ақ аюлар екі жылда бір балалайды. Қонжықтары енесіне 1,5 жылға дейін еріп жүреді.

Ал Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай тауларында аюдың екі түрі — қоңыр аю және Тянь-Шань қоңыр аюы мекендейді. Қоңыр аюдың дене тұрқы 2 метрдей, салмағы 150-200 килограмдай, түсі қоңыр, қара қоңыр болады. Өзінің мінез-құлқы жағынан бұлар бейқам, момын, қорқақтау келеді. Орман ішінде адам көзіне түспеуге тырысады. Қорек талғамайды. Бұрын қоңыр аюлар кәсіптік аң ретінде пайдаланылып келді. Қазір оларды аулауға тыйым салынды.

Аюлар 30-40 жылдай тіршілік етеді. Олар күзге таман бойларына 50 килограмға жуық май жинап, қатты семіреді де, қысқа қарай ұйқыға кетеді. Егер қажетті май қорын жинай алмаса, ұйқыға жатпайды.

Аю — бағалы аң. Бұлар майы және шипалық қасиеті бар өті үшін ауланады. Семіз аюдан 120 килограмм ет, 50 килограмм шамасында май алуға болады. Аю тұяқты аңдарға, үй малдарына, сондай-ақ адамдарға да шабуыл жасайды. Бал омартасына түсуді жақсы көретіні және бар.

 

Табиғат

Тіршілік бастауы

Адам — табиғаттың бір бөлшегі әрі ғажайып туындысы.

Табиғатқа адамның жанашырлықпен, аялай, есіркей қарауы — оның перзенттік міндеті.

Дария, теңіз, көлдер мен орман-тоғайлар, асқар таулар мен жан-жануарлар табиғаттың ажар-көркі ғана емес, оны бүлінуден, азып кетуден сақтайтын құдіретті күшке ие.

Табиғатта басы артық ештеңе жоқ. Не бір құс, не бір хайуанат, не бір өсімдік немесе жәндік артық емес, соның бәрі табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұру үшін керек.

Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйкімді, жанға жақын бір нәрсе бар. Су мен жер туралы ой — бұл, сайып келгенде, адамның өзі туралы ой. Егер орнына ештеңе салмай таудың тасын ала берсең, күндердің бір күнінде тау да құлайды.

Табиғат — әр беті терең мазмұнға толы бірден-бір қоршаған орта. Адамзат өз өміріне қажетті материалдық байлықты табиғаттан алады. Адамның бірқалыпты өмір сүруіне таза ауа, ауыз су қажет болса, шаруашылықта пайдаланатын су мен табиғат кешендерін қорғаудың да маңызы зор.

Тіршілік үшін табиғаттың ролі зор. Әрине, аумақ бойынша табиғат жағдайының өзгеріп отыруы да заңды құбылыс. Ал біз қай кезде де табиғатты қорғап жүрейік.

Бибінұр ҚҰЛТАНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

Он дерек

…Қашан пайда болды?

1. Роликті коньки — 1760-жылдар. Джозеф Мерлин. Бельгия.

2. Корректуралық сұйықтық ( мәшіңкіге басылған мәтінді немесе қолжазбаны түзету үшін) — 1951 жыл. Бетти Несмит. Америка Құрама Штаттары.

3. Тез еритін кофе — 1937 жыл. «Нестле» компаниясы. Швейцария.

4. Несие карточкасы — 1950 жыл. Фрэнк Макнамара, Ральф Шнайдер. Америка Құрама Штаттары.

5. Күннен қорғайтын крем — 1936 жыл. Эжен Шуэллер. Франция.

6. Кроссворд — 1913 жыл. Артур Уин. Америка Құрама Штаттары.

7. Ксерография — 1937 жыл. Честер Ф.Шарлсон. Америка Құрама Штаттары.

8. Рубик кубогі — 1975 жыл. Эрно Рубик. Венгрия.

9. Күмбез (Архитектуралық конструкция ретінде) —125 жыл. Рим.

10. Ас үй комбайны — 1971 жыл. Пьер Вердон. Франция.

 

Оқушының өлеңі

Менің елім

Анасы — жер, құдіреті — көк аспан,

Қыран елім алтын Күнмен таласқан.

Қазақстан — республикам бұл менің,

Бірлігі бар бейбіт елге жарасқан.

 

Жаратылған ер түркінің қанынан,

Елін, жұртын артық көрген жанынан.

Қазақстан — республикам бұл менің,

Бүкіл әлем ерлігімен таныған.

 

Ұрпағы бар жерім дейтін, ел дейтін,

Ел намысын ешкімге де бермейтін.

Қазақстан — республикам бұл менің,

Айбарлы аты, атағы бар өлмейтін.

Гүлсезім СЕРІКБАЕВА,

Еңбекту орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.


Ана тілім

Қазақ тілі — ана тілі халқымның,

Өз төл тілі өзіне ыстық әркімнің.

Өзге тілді көкірекке түйіңдер,

Ана тілін, қазақ тілін сүйіңдер.

Айдана ҚҰТТЫБАЕВА,

Қарашоқат орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.


Қазақстан

Тәуелсіздік — Қазақстан төрінде,

Тәуелсіздік — Қазақстан жерінде.

Ұлан байтақ кең даламен танылған

Тәуелсіздік — егеменді елімде.

 

Қазағым бар шаттық толы шашқан ән,

Жаңа жылды ізгі істермен бастаған.

Сазды жерге жас шыбықтан тал егіп,

Қазақ жерін жас Астана бастаған.

Гауһар СЕЙІЛОВА,

Жарөткел негізгі мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.


Жұмбақ

Өсіп тұрған гүл секілді,

Күліп тұрған Күн секілді.

Сары шоқ гүлі бар,

Қап-қара дәні бар.

Шайзада СӘРСЕНБЕК,

оқушы.

Бершүгір ауылы,

Шалқар ауданы.


Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button